Газ баллондарын пайдаланғанда абай болыңыздар!!!
20 қарашада сағат 20.28-де «Семей қ. Жедел медициналық жәрдем станциясының» 103 пультіне Аякөз қаласы, Арталыков көшесіндегі үйде газ баллоны жарылды деген шақырту түсті. Шақыртуға құрамында фельдшерлер Толғанай Метай мен Тоғжан Жексембаева, жүргізуші Советхан Үсенов бар №61 ЖМЖ бригадасы дереу жіберілді. Бригада 5 минут ішінде шақыртуға жетті, екі зардапшегуші үйдің жанында далада болды, ал қалған бес адамды, оның ішінде төрт бала бар, жедел жәрдем келгенше туыстары өз көліктерімен Аякөз аудандық орталық ауруханасына алып кеткен. Зардап шеккен 40 жастағы ер адам мен 65 жастағы әйелде І және ІІ ауырлық дәрежесіндегі термиялық күйіктер анықталды, ер адамда күйік аумағы шамамен 40%, ал әйелде шамамен 15%. Жедел медициналық жәрдем бригадасы клиникалық протоколға сай көмек көрсетіп, 6 минуттан кейін зардапшеккендерді Аякөз АОА-ға жеткізді.
Газ баллонының жарылуы себебі анықталуда.
Семей қ. ЖМЖС баспасөз қызметі