Семейдің жедел жәрдемінің дәрігерлеріне омбы қар да кедергі емес
Жедел медициналық жәрдем станциясында 8 қаңтарда Семейден 90 шақырым алыс орналасқан Знаменка ауылына шақырту түскенін айтады.
Телефон шалған ауылдықтар олардың ауылынан 10 километр қашықтықта шаруа қожалығы бар екенін, сол қожалықтағы бес адамнан тұратын отбасына госпитализация қажеттігін хабарлаған.
Шақыртуға бірден жедел жәрдемнің екі бригадасы және төтенше жағдайлар бойынша басқарманың арнайы көлігі жіберілген. Знаменка ауылына келген соң, шаруа қожалығына баратын жолды толықтай қар басып қалғандықтан, дәрігерлер құтқарушылардың көлігіне отырған.
«Шаруа қожалығына 600 метр жетпей арнайы көлік қарға батып қалған. Әрі қарай біздің дәрігерлердің зардап шегушілердің үйіне жету үшін күртік қармен жаяу жүрулеріне тура келді», – деп түсіндіреді станцияда.
Отбасы ысқа уланғаны анықталды. Жатар алдында әйел адам пеш жаққан, ал түнгі 2-лер шамасында оянып, жағдайының нашарлағанын сезген. Үйде екі ересек адамнан басқа, жастары 12, 7 және 5-тегі балалар бар.
Дәрігерлердің айтуынша, олар алғашқы көмек көрсетіп жатқан кезде, жергілікті әкімдік тас жолды қардан тазалапты, және орта дәрежеде зардап шегушілер Семей қаласына дер кезінде жеткізілген.
Авторы: Руслан Шакабаев, Семей.
Источник: 24.kz